Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада екі кран құлап, екі адам қаза тапты: Құрылыс алаңдары жаппай тексеріледі

кран
Фото: pixabay.com

Астанада екі мұнаралы кран құлап, салдарынан екі адам қаза тапты. Тағы екі адам ауыр жарақат алды. Осы оқиғалардан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елордадағы құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеруді күшейтпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, екі жағдай бойынша да арнайы тергеу жүргізіліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін айтты.  

"Біз құрылыс салушыларға ескерту жасадық, заңбұзушылықтарды жоюға уақыт бердік, алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Бірақ біреу қауіпсіздік талаптарын елемеуге болады деп ойласа, қателеседі. Жауапкершіліктен ешкім құтылмайды", – деді Ербол Тұяқбаев.

Еңбек министрлігі
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін заңда белгіленген тәртіппен бастау тапсырылды. Заңбұзушылықтар анықталса, материалдар тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Сондай-ақ жазатайым оқиғалар мен қауіпсіздік талаптарын бұзу жағдайлары қайталанған компаниялар жеке тексерілмек. Инспекторлар бұған дейінгі тергеулер кезінде анықталған кемшіліктердің толық жойылған-жойылмағанын анықтайды.

"Егер жазатайым оқиға болып, тергеу жүргізіліп, нұсқама беріліп, заңбұзушылықтар жойылды делінгеннен кейін тағы бір қайғылы жағдай болса, құрылыс компанияларының бірінші басшыларына үлкен сұрақ туындайды. Қайталанған жазатайым оқиға – жүйелі мәселенің белгісі", – деді бірінші вице-министр.

 

Тұяқбаев өндірістегі оқиғалардың бәрін "адам факторымен" түсіндіре беруге болмайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, қызметкер қателік жіберсе, оған не себеп болғанын анықтау қажет. Атап айтқанда, жұмысшының тиісті даярлықтан өткені, жабдықтың жарамдылығы, жұмыс барысының дұрыс бақылануы және технологиялық талаптардың сақталуы тексерілуі тиіс.

"Адам факторы деп жүргеніміздің артында көбіне басқару факторы тұрады", – деді ол.

Қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзатын құрылыс компанияларына қатаң шара қолдану ұсынылды.

Министрлік мұндай компаниялардың құрылыс жүргізуге берілген лицензиясын уақытша тоқтату немесе қайтарып алу мәселесі заң аясында қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірінші вице-министр құрылыс алаңындағы қауіпсіздікке ең алдымен компания басшысы жауапты екенін атап өтті.

"Құрылыс компаниясының басшысы нысанның қанша пайызы дайын екенін, қашан тапсырылатынын және қаржылық көрсеткіштерін ғана білмеуі керек. Ол бүгін құрылыс алаңында қандай қауіп барын және онда жұмыс істейтін әр адамның үйіне аман-есен оралуы үшін не істелгенін білуге тиіс", – деді Ербол Тұяқбаев.
 

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 11:36